Эволюция
Эволюция (лат. evolutіo – өрлеу, өркендеу), биологияда – тірі организмдердің орта мен жағдайға бейімделіп, өзін өзгертетіні, ортаға үйлескендері жасап, үйлеспегендері жойылып отыратыны туралы идея болып, осы өзгеріс себепті олардың қабілеті үздіксіз артып, төмен деңгейден жоғары деңгейге көтеріледі деп есептейтін теория. Эволюциялық ілімінің негізін қалауда Чарльз Дарвинның еңбегі зор. Ол ашқан ең маңызды жаңалыққа дейін көптеген ғалымдардың еңбегі болды. Эволюциялық үдерістер зандылығы өте күрделі және ғалымдар күні бүгінге дейін толық анықтай алған жоқ. Алайда эволюцияның неге жүретіні бізге нақтылы белгілі.
Эволюция терминін алғашқы рет швейцарлық табиғаттанушы және философы Шарль Бонне 1762 жылы эмбриологияға арналған еңбектерінде пайдаланды. Эволюция құбылысы тіршілік деңгейлерінің барлық сатыларында (молекула деңгейден биосфералық деңгейге дейін) байқалып, үнемі құрылысы мен атқаратын қызметтерінде бұрын болмаған жаңа құрылымдар мен олардың жаңа қызметімен ерекшеленеді. Эволюцияның ең қарапайым деңгейі – мутациялық өзгерістер болып есептелінеді. Табиғи сұрыпталу кезінде мутация арқылы пайда болған жаңа белгілер мен қасиеттер организмдердің жаңа орта жағдайларына бейімделуіне жағдай жасайды. Ең алғашқы Эволюциялық процестер тіршіліктің популяция деңгейінде пайда болады. Бұл кезде организмдердің генотипі өзгереді.