Мутация

Мутация (латын тілінде mutatіo – өзгеру) – табиғи жағдайда кенеттен болатын немесе қолдан жасалатын генетикалық материалдың өзгеруі. Соның нәтижесінде ағзаның белгілері мен қасиеттері тұқым қуалайтын өзгергіштікке ұшырайды.
Ғылымға мутация терминін 1901 ж. голланд ғалымы Х. де Фриз (1848 – 1935) енгізді.
'Мутация (mutation) — жасушаның генетикалық материалының өзгеруі, бұл кейінгі ұрпаққа да беріледі.
Бұл тосыннан, кейде сыртқы факторлардың әсерінен болуы мүмкін. Генетикалық кодты анықтайтын жүйедегі бір азоттық негіздің орнын басқа біреу алмастырса немесе бір немесе одан да көп негіздер генге енгенде немесе геннен жоғалғанда гендік мутация пайда болады. Мутациялардың көбі зиянсыз, оларды үнемі қалыпты доминанттық ген жауып тұрады.
Кейбір мутациялар айтарлықтай салдар туғызады; мысалы, ата-анасының екеуінен де тұқым қуалақшылықпен берілген белгілі бір мутация Орақ-жасушалы анемияның пайда болуына әкеп соғады. Ұрпаққа жыныстық жасушаларда (аналық жасушасы немесе аталық ұрық) пайда болған мутациялар ғана беріледі. Әдетте, бұндай мутациялар ағзаға қауіпті.
Геномдық мутация
Геномдық мутация – клеткадағы хромосомалар санының өзгеруі. Оның бірнеше түрі бар:
1) полиплоидия – хромосома жиынтығының бірнеше еселеніп өсуі
2) анеуплоидия – хромосома жиынтығының еселенбей өсуі
3) гаплоидия – диплоидты (екі еселенген) хромосома жиынтығының кемуі.
Хромосомалық мутация
Хромосомалық мутация түрлері: делеция, дупликация, транслокация
Хромосомалық мутация – микроскоп арқылы көрінетін хромосома құрылымындағы өзгеріс. Яғни ДНҚ-ның ұзын сегментін қамтитын және жеке хромосомалардың қалыпты емес санына әкелетін өзгеру процесі. Бұл өзгеріс хромосоманың кей бөлімінің үзіліп қалуына (делеция), қосарланып кетуіне (дупликация) немесе оның басқа бір бөліміне ауысуына (транслокация) байланысты
Гендік мутация
ДНҚ молекуласының ултрафиолет сәуленің әсерінен өзгеріске ұшырауы
Гендік немесе нүктелік мутация деп ДНҚ молекуласының белгілі бір бөлігінде нуклеотидтердің қатар тізбегінің өзгеруін айтады. Ол молекулалық деңгейде өтеді, микроскоп арқылы көрінбейді. Мутация нәтижесінде ағза биохимиялық, физиологиялық, морфологиялық өзгерістерге ұшырайды. Организмдегі бұл өзгерістер бірден немесе біраз уақыттан кейін біртіндеп байқала бастайды. Полиплоидты мутанттардың клеткалары мен органдарының көлемі ұлғайып, хромосома жиынтығы жұп болса, оның ұрпақ беру қабілеті сақталады, ал тақ болса бұл қабілеті сақталмайды.

Хромосомалық мутация түрлері: делеция, дупликация, транслокация

ДНҚ молекуласының ултрафиолет сәуленің әсерінен өзгеріске ұшырауы