Тірек-қимыл мүшелер жүйесі
Тірек-қимыл мүшелер жүйесінің маңызы: тірек-қимыл мүшелер жүйесіне қаңқа мен бұлшықеттер жатады. Бірімен-бірі дәнекер ұлпалар (шеміршек пен сүйек) арқылы байланысқан сүйектерден қаңқа түзіледі. Қаңқа ағзаның тірегі, ал бұлшықеттер қимыл-қозғалысты қамтамасыз етеді. Тірек-қимыл мүшелер жүйесі адамның тік жүру қалпын сақтайды. Қаңқа мидан бастап, барлық ішкі мүшелерге корғаныш қызметін атқарады. Мысалы, ми бірімен-бірі берік байланысқан ми сауытын құрайтын сүйектердің ішінде жатады. Қаңқаға бұлшық еттер бекінеді. Ағзаның қоршаған орта жағдайларына бейімделуінің бірден бір белгісі – қимыл.
Адам қаңқасы бірімен-бірі өзара әр түрлі байланысқан жеке сүйектерден тұрады. Ағзада болатын барлық сүйектер пішіні, мөлшері жағынан ұзын сүйектер, қысқа сүйектер, жалпақ сүйектерге жіктеледі.
Ұзын сүйектерге қол-аяқты құрайтын жіліктер жатады. Ұзын сүйектердің жілік майы толтырып тұратын ортаңғы бөлігі қуыс болғандықтан, түтікті сүйектер деп те атайды.
Жалпақ сүйектердің ұзындығы мен ені әр түрлі. Жауырын, бассүйек, қабырға,төс, жамбас сүйектері - жалпақ сүйектер. Қаңқа - тұлға, бассүйек, иық белдеулері мен қол сүйектері және жамбас белдеулері мен аяқ сүйектері деп бөлінеді.
Қысқа сүйектерді омыртқа,білезік және алақан сүйектері құрайды.
Омыртқа жотасы - Адамда омыртқалардың саны 33-34, олар: 7 мойын омыртқа; 12 арқа омыртқа; 5 бел омыртқа; 5 сегізкөз омыртқа; 4-5 құйымшақ омыртқалар. Омыртқаның құрылысы - әр омыртқаның денесі мен доғасы болады. Омыртқалардың дәл ортасындағы қуыста жұлын орналасады. Мойын омыртқаларының біріншісі бассүйекпен байланысып, басты бұруға қатысады. Денеге күш түсуіне байланысты 3-мойын омыртқадан бастап 7-омыртқаға дейін пішіндері сәл өзгереді. Арқа омыртқалары мойын омыртқаларынан ірілеу, арқа өсіндісі көлбеу орналасқан. Бүйір өсінділерінде және омыртқа денесінде қабырғалар бекінетін шеміршекті буын ойықтары болады. Арқа омыртқалар қабырғалармен байланысады.Бел омыртқалары басқа бөлімнің омыртқаларымен салыстырғанда денесі жалпақ әрі үлкен. Арқа қанаттары да жуан, бұл бел бөлімінің көбірек қозғалуына әсер етеді. Бел омыртқаларына дене салмағының күші көбірек түседі. Тік жүруіне байланысты адамның омыртқа жотасы иілімдер түзеді, оның екеуінің дөңесі - мойын және бел лордозы алға қарай бағытталған. Иілімдердің болуы адамды басқа омыртқалы жануарлардан ерекшелейді және олар денені тік ұстап, еркін қозғалуды, тепе-теңдікті сақтауды қамтамасыз етеді.Құйымшақ омыртқалар қалдық ретінде тұтасып кеткен. Тек бірінші омыртқада омыртқаның кейбір белгілері ғана сақталған. Қалғандары біртіндеп кішірейген.
Кеуде қуысының қанқасы - кеуде торы 12 арқа омыртқасы, 12 жұп қабырғалар, алдыңғы жағында жалғыз төссүйектен құралады. Қабырғаның алдыңғы шеті шеміршекті болады. Жоғарғы 7 жұп қабырғалар шеміршек арқылы төссүйекпен байланысқан. Келесі жұп қабырғалардың шеміршек шеттері өзара қосылып, доға түзеді. Қабырғалар омыртқалармен буын арқылы қозғалмалы, төссүйекпен шеміршек арқылы шала қимылдап байланысады. Қабырғалардың 11,12-жұптарында шеміршек болмағандықтан, алдыңғы шеттері бұлшықеттердің арасында бос жатады. Қабырғалар тыныс алу мен тыныс шығағанда кеуде қуысы көлемінің ұлғайып, кішіреюіне әсер етеді.
Иық белдеуі: екі жауырын мен екі бұғанадан тұрады.
Қол қаңқасы үш бөлімнен: тоқпан жілік,кәрі жілік және қол бас сүйектерінен тұрады.Қол бас сүйектерінің үш бөлімін ажыратады:білезік сүйектері,алақан сүйектері және майда сүектерден тұратын қол бас сүйектері.
Аяқ қаңқасы омыртқа жотасының сегізкөз бөлімінен және екі жамбас сүйегінен тұрады.Аяқтың еркін қозғалатын сүйектеріне ортан жілік,асықты жілік,шыбық сүйегі мен майды 26 сүйектен тұратын толарсақ,табан және бақай сүйектері жатады.
Тірек
Адам денесіндегі барлық мүшелер, бұлшық еттер сүйекке бекінеді. Сүйек оларға тірек болып, денені тік ұстауға көмектеседі. Әрбір мүшенің белгілі бір орында бекініп орналасуы сүйектердің болуына байланысты.
Қан жасау және заталмасу қызметі
Сүйектің ішкі қуыстары бар. Онда кемік майы болады. Сүйектің кемік майында эритроцит сияқты қан жасушалары түзіледі. Сүйек құрамында кальций фосфор заттары көп болғандықтан, заталмасуға қатысады.
Рессорлы
Сүйектер шеміршекпен байланысқан. Сондықтан буындар қозғалмалы болып, жазылу мен бүгілуді қамтамасыз етеді. Мысалы, омыртқалар бір-бірімен шеміршек арқылы байланысқандықтан адам алға, артқа және жанына қарай бүгіле алады.
Қимыл-қозғалыс
Бұлшық еттер сүйекке бекініп, қозғалысты жүзеге асырады. Бұлшық еттер сүйекпен бірге барлық мүшелерді қозғалысқа келтіреді. Мысалы шайнауға беттің шайнау бұлшық еттері, мимикаға беттегі ұсақ бұлшық еттер жауапты
Қорғау
Ішкі мүшелердің сыртын қаптап, қорғайды. Мысалы ми сауытында – ми, омыртқа жотасында жұлын орналасқан. Қабырға, төс, жауырын бірігіп кеуде қуысын құрайды. Онда өкпе, жүрек сияқты ішкі мүшелер орналасады.